Ғаббас Қабышұлы — қазақстандық жазушы, публицист, аудармашы, сыншы, журналист.
1935 жылы 9 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Ұранқай ауылында дүниеге келген.
1968 жылы ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетін сырттай аяқтайды. 1955–1966 жылдары облыстық «Алтай большевигі» (қазіргі «Дидар») газетінде корректор, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, 1966–1974 жылдары республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшының орынбасары, көркем әдебиет, әдеби сын бөлімдерінде меңгеруші болып істеді. 1974 жылдан КСРО Әдеби қоры Қазақ филиалының директоры, 1983 жылы республикалық «Ара-Шмель» сатира журналының бас редакторы, 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағы құзырындағы Көркем аударма және әдеби байланыс Бас редакциясы алқасының бөлім меңгерушісі, 1994–1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болған.
Әзіл-сықақ әңгімелер, новеллалар, сын, көркем очерк, көсемсөз, түрлі тақырыпқа мақала жазды.
«Мінездеме», «Мысықта сақал неге жоқ?», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Тарихта қалғың келе ме?», «Бұл әлгі кім ғой…», «Халіңіз қалай?» «Кадр мәселесін… мәселе шешеді», «Жетім жиналыс», «Екі хикая», «Көлденең кітап», «Сағыныш сазы», «Адамның кейбір кездері», «Жолаушылар», «Төрт хат», «Тарғыл тағдыр» т.б. кітаптардың авторы.
А. Чехов, С. Михалковтың, украин, серб, түрік, молдован жазушылары шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Автордың сатиралық көріністері «Қымызхана», «Тамаша» театрлары сахнасында қойылған.
«Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты.