Намазалы Омашұлы Омашев 1950 жылдың 19 қаңтарында Жамбыл облысының Мерке ауданы Ойтал ауылында дүниеге келген. Ол филология ғылымдарының докторы, профессор, 2003 жылдан Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық Ғылым Академиясының толық мүшесі (академик), 2002 жылдан Қазақстан журналистикасы академиясының толық мүшесі (академик), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты. Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Н.О. Омашев – қазақтың көрнекті ғалымдарының бірі. Ол 13 монографияның, 3 оқулықтың, 9 ғылыми-публицистикалық еңбектер мен очерктер жинағының, 9 оқу құралдарының және 300-ден астам ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы. Оның жетекшілігімен 6 докторлық, 18 кандидаттық диссертация қорғалды. Н.О. Омашевтың ғылыми еңбектері қазақстандық ғылыми ортада ғана емес, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде де үлкен резонанс тудырған. Ол Лас-Вегаста (АҚШ, 1998), Париж (Франция, 1999), Монреал (Канада, 2000), Ресей (Москва, 1980-1992) және т.б. халықаралық конференцияларда жоғарғы кәсіби бағаға ие болды.
Үш мәрте Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының (1989, 2000, 2006) лауреаты. 2001 жылы Н.О. Омашевқа Кембридждің (Англия) Халықаралық Өмірбаяндық Орталығы “Жыл адамы” деген атақ берді, “Тану декларациясы” мен “Құрмет медалімен”, 2001 жылы Қазақстан Республикасының 10 жылдығына ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Алғыс хатымен, 2002 жылы журналистика саласындағы ерен еңбегі үшін “Алтын самұрық” төс белгісі, 2003 жылы “Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төс белгісі, 2004 жылы Жамбыл облысы Мерке ауданының “Құрметті азаматы” атағы, 2004 жылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан қомақты үлесі үшін “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы берілді. 2005 жылы “Қазақстан Конституциясына 10 жыл” мерекелік медалімен, 2005 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Алғысымен марапатталды. 2007 жылы Н.О.Омашев республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігін дамытудың өзекті мәселелеріне арналған мақалалар топтамасы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты атанды. 2007 жылы Кембридждің (Англия) Халықаралық Өмірбаяндық Орталығы ХХІ-ғасырдағы аса көрнекті тұлғаларының тізіміне енгізді. М.О. Әуезов атындағы Семей университетінің Ғылыми кеңесінің 2007 жылғы 23 сәуір күнгі шешімімен (№ 6 хаттама) құрметті профессоры атағы, 2009 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. 2009 жылы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында аянбай қызмет еткені үшін «Қазақ тілінің жанашыры – 2009» төс белгісімен, 2010 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісімен, 2012 жылы отандық ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Еуразия жұлдызы» атағымен марапатталды.
