«ӨРШІЛ РУХТАН – ӨЛМЕС ЕРЛІК ТУАДЫ» ДАНАЛЫҚ САҒАТЫ
«Ел болып оқимыз» жобасы аясында Жуалы ауданы Б.Момышұлы атындағы музейде Ұлы Отан соғысы жылдарында ел мен жер үшін от кешкен батыр, тірісінде аты аңызға айналған қазақтың жауынгер ұлы, қолбасшы, ерліктің ерен үлгісі Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай «Өршіл рухтан – өлмес ерлік туады» атты даналық сағаты өтті.
Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей, асылдық пен жасындықтың үлгісіндей аты аңызға айналған баһадүр батыр Бауыржан Момышұлы – тау тұлға.
Іс-шараны Жуалы аудандық орталық кітапханасының қызметкерлері «Жуалы» әнімен бастаса, батырдың өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігін, бастан кешкен оқиғаларын, өмір жолын және шығармаларын Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейтхан Шералыұлы және орынбасары Ералиев Абдуғали, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Нұрқасымов Нуриддин айтты. Батыр бейнесінің әр қыры оның өз шығармаларынан анық байқалады.
Кітапхана қызметкерлері батыр Бауыржан атамыздың шығармаларына дайындаған кітап көрмесіне шолу жасап, сондай-ақ №2 Мыңбұлақ орта мектебінің оқушылары батырдың «Ұшқан ұя» повесінен сахналық қойылым қойды.
«Жаңа өмір» аудандық газетінің журналисті, ақын Нұржан Дербісәлі батырға арнауын арнап, көрермендердің патриоттық сезімін оятса, Ғали Мирас «Жалғызым қазақ», Есенбай Дінәсіл «Мен қазақпын» әндерін шырқады.
Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Жаңарып, жаңғырып, халықтың жадынан шықпай мәңгі айтыла береді.