Бүгін аудандық Мәдениет үйінде «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет!» тақырыбында аудандық жастар форумы өтті. Тағылымы терең бұл жиынның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, елге адал қызмет етудің маңызын дәріптеу болды.
Форум аясында аудандық орталық кітапхана қонақтар назарына «Қазақ халқының қаһарман перзенті» атты мазмұнды кітап көрмесі мен фотогаллерея ұсынды. Көрме барысында даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ерлікке толы жауынгерлік жолы мен өнегелі өмірі кеңінен насихатталды. Батырдың елге, жерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен қайсар мінезі жас буынға үлгі ретінде таныстырылды.
Сонымен қатар, көрме шеңберінде Жуалы өңірінен шыққан 14 генерал туралы тың мәліметтер ұсынылып, олардың ел қорғаны жолындағы еңбектері мен тарихи тұлғалық бейнелері көпшілікке таныстырылды. Бұл деректер жастардың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттырып, елжандылық сезімін нығайта түсті.
