Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 2025 жылы ақын жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафоны» ұйымдастырылуда.
Жуалы ауданы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен ақын, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Өлең сөздің даңғылы — бар қазақтың Жамбылы» атты әдеби жыр кеші өтті. Кешті аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Жанабаев ашып, №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің оқушыларының «Айжан қыз» биімен жалғастырды. 9 сынып оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, Н.Асанбек Жамбыл Жабаевқа арнауын мәнерлеп оқыды. Оқушылар Ж.Жабаевтың өмірінен көрініс көрсетіп, аудандық мәдениет үйінің «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің жетекшісі М.Мықтыбеков «Қаракөз», «Бес қола» әндерін нақышына келтіріп орындады. №1 Балалар өнер мектебінің «Жұмыр қылыш» ансамблі және жетекшісі Н.Жарылқап Құрманғазының «Адай», Дәулеткерейдің «Кероғлы» күйлерін күмбірлете тартты. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Н.Сиркебаева «Жүз жасаған, жыр алыбы — Жамбыл Жабаев» атты виртуалды кітап көрмесіне шолу жасап, фото галлереяны оқырмандар назарына таныстырып өтті. Кешті Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Ш.Каниева қорытындылап, қатысқан оқырмандарды Алғыс хатттармен марапаттады.