“Ауылдың ажары – ағайынның татулығы”

“АУЫЛДЫҢ АЖАРЫ – АҒАЙЫННЫҢ ТАТУЛЫҒЫ”
“Берекелді ауыл – Ел мерейі” өнер фестивалі аясында Күреңбел және Жетітөбе ауылдық округтерінің бірлесуімен Күреңбел ауылдық мәдениет үйінде “Ауылдың ажары – ағайынның татулығы” атты тағылымды мәдени іс-шара өтті.
Шара барысында ұлттық тағамдар мен дәстүрлі дастархан таныстырылып, халқымыздың салт-дәстүрлері кеңінен дәріптелді. Ағайынның бірлігі мен берекесін айшықтайтын тағылымды көріністер ұсынылып, ұлттық тәрбиенің бастауы – бесік пен отбасы құндылығының маңызы көрсетілді.
Ғасыр жасаған ана — Ханшайым Момынқұлқызы Есмуратованың өнегелі өмірі мен ағайын арасындағы татулықты сақтаудағы ұлағаты көпшілікке таныстырылып, ақ батасы берілді. Ғасыр Ананың тәбәрік бұйымдарының жас келіндерге табысталуы ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.
Шара барысында берекесі мен бірлігі жарасқан отбасыларға арнайы номинациялар табысталып, олардың өнегелі өмірі көпшілікке үлгі етілді. Ұлттық болмыс пен салт-дәстүрді дәріптеген мазмұнды бағдарламалар арқылы қазақы тәрбие, қыз бала тәрбиесі, келін өнегесі және отбасы құндылықтары кеңінен насихатталды.
Шараның арнайы қонағы – Халықаралық дизайнер, Республикалық «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облысы бойынша төрайымы Нұрабаева Гүлфайруз Сәрсенқызы болды. Гүлфайруз Сәрсенқызы ұлттық құндылықтарды ұлықтау, салт-дәстүрді дәріптеу, қыз бала мен келін тәрбиесіндегі өнегенің маңызы жөнінде ой бөлісіп, шараның мазмұнын толықтыра түсті.
Күреңбел мен Жетітөбе ауылдарының тұрғындарын бір арнаға тоғыстырған тағылымды шара ауылдағы ағайынның ынтымағы мен ауызбіршілігін айқын көрсетті.