«ӨНЕРЛІ ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ»
Облыстық «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» бағдарламасы аясында Жуалы ауданында «Өнерлі отбасы – ұлттық тәрбиенің алтын діңгегі» атты тағылымды мәдени шара өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, отбасылық тәрбиенің маңызын арттыру және жастарды адамгершілікке, адалдыққа, отансүйгіштікке баулу.
Шара барысында бесік пен бала тәрбиесі, ғасыр жасаған әженің өнегесі, ағайынның татулығы, кітаптың рухани тәрбиедегі орны, құрақ көрпенің ұлттық мұра ретіндегі мәні кеңінен дәріптелді. Бұл бағыттар арқылы қазақы салт-дәстүр, үлкенге құрмет, ұрпақ тәрбиесі, білімге ұмтылу мен ұлттық қолөнердің қадірі насихатталды.
Бағдарламаның мазмұнын толықтыра түскен театрландырылған көріністер арқылы отбасы құндылығы, үлкенге құрмет, ата-ана жауапкершілігі, жастар тәрбиесі, адалдық, еңбекқорлық, отансүйгіштік және зиянды әдеттерден аулақ болу секілді маңызды тақырыптар көркем түрде жеткізілді.
Ал ұрпақтар сабақтастығының өнердегі жарқын үлгісін көрсеткен ауданымыздың «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблі сахна төрінде өнер көрсетіп, көрерменге әсем әндерін тарту етті. Бірнеше буын өкілдерінің бір сахнада өнер көрсетуі – ұлттық өнердің отбасы арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын айшықтады.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Ахметова Анар Садыққызы сөз сөйлеп, отбасы құндылығы, ұлттық тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығына тоқталды.
Шараның түйінді ойы – ұлттың рухани беріктігі әр шаңырақтың тәрбиесінен басталатынын жеткізу болды.
Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, әр шаңырақта береке мен бірлік салтанат құра берсін!