Б.Момышұлының туғанына 115 жыл

🎗️Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Орақ-Балға ауылында дүниеге келген. Әкесі Момыш пен шешесі Рәзия орта шаруа кісілер болған. Жанұяда тұңғышы-Үбіш, одан кейінгілері-Үбиан, Сәлима, Әлиман, кенжесі-Бауыржан болды.
🎗️Бауыржан Момышұлы 1928 жылы Шымкенттегі жеті жылдық интернатты бітірген соң, бастауыш мектепте мұғалім, Жуалы аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы, аудандық милиция бастығы, прокурор болып істеді.
🎗️1932 жылы Қызыл Армия қатарына алынды. Әскери борышын өтеп қайтқан соң Шымкент, Алматы өнеркәсіп банкілерінде жұмыс істеді. 1936 жылы Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты бітіріп, Қызыл Армия қатарына қайта шақырылып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, ал 1941 жылы Қызыл әскер комиссариятында нұсқаушы болып қызмет атқарды.
🎗️Б.Момышұлы Ұлы Отан соғысында батылдығы мен қолбасшылық сауаттылығының нәтижесінде дараланып, жарық жұлдыздай жарқырап шықты. Мәскеу түбіндегі сұрапыл соғыста батальон командирі аға лейтенант Бауыржан Момышұлы 31 атқыштар (кейіннен 8 гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанды. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысты. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болды, соғыстың соңғы жылдары (1944-1945) осы дивизианы басқарды.
🎗️Бауыржан Момышұлы өзі басқарған әскери бөлімдермен 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет қоршауда қалып, бұзып шықты. Отан соғысы кезінде ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерен ерлігімен ерекше көзге түсті, батырлық атақ-даңқы аңызға айналды. 1952 жылы Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірді. Бес жыл әскери академияда сабақ беріп, 1956 жылы өз өтініші бойынша отставкаға шықты.
🎗️Бауыржан Момышұлының «Офицердің күнделігі» (1952), «Бір түннің тарихы» (1954, орыс тілінде), «Біздің семья» (1956,орыс тілінде) атты алғашқы кітаптары сол тұста жарық көрген. Еңбектерін орыс-қазақ тілдерінде бірдей жазды. «Москва үшін шайқас» (1959)-Отан үшін ұлы шайқастың үлкен бір шежіресі іспетті күрделі шығарма. Мұнан өзге «Жауынгердің тұлғасы» (1958), «Майдан» (1961), «Майдандағы кездесулер» (1962, орыс тілінде), «Генерал Панфилов» (1963, қазақ тілінде), «Төлеген Тоқтаров» (1965), «Куба әсерлері» (1965), «Ел басына күн туса» (1970), «Ұшқан ұя» (1975), «Адам қайраты» (1981),т.б кітаптары бар.
🎗️Бауыржан Момышұлы 1982 жылы қайтыс болды. Оған өмірден өткен соң 1990 жылы желтоқсанның 11 жұлдызында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сондай-ақ ол «Қызыл Ту», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы», «1-дәрежелі Отан соғысы», 2-рет «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдарымен марапатталған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1995 жылы ауданда Б.Момышұлы музейі ашылды. Талапты ауылындағы орта мектеп Баукеңнің есімімен аталады.
🎗️Оның қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бек «Волоколамское шоссе» кітабында жан-жақты жазды. Сондай-ақ Б.Момышұлының өміріне арналған Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен Аңыз», Мамытбек Қалдыбаевтың «Ұмытылмас кездесулер», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», Бақытжан Момышұлының «Во имя Отца», Жамила Егенбердиеваның «Өмірдің өзі дастан», Ким Серикбаевтың «Бауыржан Момышулы в моей жизни» атты кітаптары және т.б көптеген авторлардың кітаптары бар. Ал Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орай Батырдың 30 томдық кітабы жарық көрді.