Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 93 жыл.

Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 93 жыл.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Мыңбұлақтың шұрайлы алқабында, Талапты ауылында дүниеге келген. 1937 жылы әкесі Мұртаза халық жауы деп ұсталып, қамалып кетті.
1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1955-1963 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы.
Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманағының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1975-1980 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, 1980-1989 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болды.
1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор, 1992-1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы болып істеді. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты болды. Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1967), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, ел басы, сен де тыңда» (К.Смайловпен бірге) (1998) атты кітаптары жарық көрген.
Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған.
Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын, Мұсатай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды.
«Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Құрмет белгісі», «Отан» орден, медальдарымен марапатталған. Жамбыл облысының, Тараз және Астана қалаларының Құрметті азаматы. 2000 жылы Жуалы ауданының Құрметті азаматы атанды.