БҮГІН – ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ САФУАН ШӘЙМЕРДЕНОВТЫҢ ТУҒАН КҮНІ
Қазақстанның халық жазушысы ШАЙМЕРДЕНОВ Сафуан Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында (1922-2007 жж.) дүниеге келді. «Болашаққа жол» атты алғашқы романы 1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды кейін «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылды. «Өмір нұры» атты повестер цикліне тақырыбы, идеясы жағынан өзекті бір желі, бір нысанаға бағындырылған алты повесть – «Мезгіл», «Қарғаш», «Өмір нұры», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» – кірген. Олар шетел тілдеріне әлденеше рет аударылған. «Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Марғау», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Өкіл әке», «Түйе көтерген», «Аруана дүние» пьесалары көптеген қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді. Үнді жазушысы Р.Тагордың «Күйреу», «Гәуірмақан» романдары мен «Алтын сағым» деген атпен жарық көрген әңгімелер жинағын, Л.Толстойдың «Альберт» повесін, беларусь драматургі А.Макаеноктың «Трибуналын», француз композиторы Эрве мен драматург А.Миляждың «Түлкі бикеш» комедиясын аударған. «Жыл құсы» повесі 1974 жылы ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағының жұмысшы тақырыбына арналған конкурсында жүлделі орынға ие болды. Ал Р.Тагордың «Күйреу» романының аудармасы үшін 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығын, «Ағалардың алақаны», «Әдеби толқындар» атты кітаптары үшін 1988 жылы республиканың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын алды. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Халық жазушысы құрметті атағына ие болды. «Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталды.