Жуалыдай құт дарыған қасиетті мекеннен түлеп шыққан алып қос бәйтерек – қаhарман Бауыржан мен шындықтың шарайнасы атанған Шерхан Мұртазаның ізін жалғаушы бірқатар дара тұлғалардың мерейтойлары туған жерлерінде аталып өтті.
Аудандық мәдениет үйінде журналист, жазушы Доқтырхан Тұрлыбек 75 жас, сатирик, әзіл-сықақшы Толымбек Әлімбекұлы 70 жас, журналист, публицист, жазушы Талғат Айтбайұлы 70 жас, журналист, жазушы Талғат Сүйінбайдың 70 жасқа толуына орай кітапхана қызметкерлері «Қаламы жүйрік жерлестер» тақырыбында фотогалереяға шолу жасап, заман талабына сай QR арқылы жазушылардың өмір баянын, еңбек жолын көрермендерге таныстырып, кітап көрмелеріне шолу жасады.
«Алдымызда ағалар бар аймаңдай» атты шара аудан өнерпаздарының әндерімен және театрлық көрініспен бастау алып, әрі қарай мерейлі жасқа келген тұлғалардан сұхбат алумен жалғасты. Шара барысында, қаламгерлерге арналған арнаулар, қаламгерлердің шығармаларынан үзінділер мен оқылды.
Ақын-жазушыларымыздың кітап қорымызды рухани құнды дүниелермен толтыру мақсатында кітапханаға сыйлаған кітаптары біздің оқырмандар үшін ең жақсы сыйлық болды.
Аудан әкімі – кемел жасқа келген тұлғаларды құттықтап, алғыс хат пен сый-сыяпаттарын табыстады.