Бүгін — қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби кинорежиссер, КСРО кинематографиясының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі ДАРИҒА ТІНАЛИНА БАЙЖҰМАНҚЫЗЫНЫҢ туған күні. Ол Ақмола облысы Вишневка ауданында (1921-2011 жж.) дүниеге келген.
Еңбек жолын актерліктен бастаған ол «Ақ роза», «Абай әндері», «Жамбыл», «Романтиктер», «Үкімет мүшесі», «Алып туралы ән» көркем фильмдеріндегі эпизодтарда ойнады. 1953 жылдан бастап режиссер ретінде жұмыс істеп, «Қазақстан кеңістігінде» атты ғылыми-танымдық фильмді түсірді. 1954-1958 жылдары «Мосфильм» студиясының режиссері болып, «Салтанат», «Илья Муромец», «Ерекше тапсырма», «Алыстағы тауда» атты көркем фильмдердің түсірілуіне қатысты. 1964 жылдан «Қазақфильм» студиясының режиссёрі ретінде «Қорытпа», «Әзіл шыны аралас», «Ғасырлар пернесі», т.б. көркем және хроникалық-деректі фильмдердің қойылуына ұйытқы болды. 2009 жылы «Экран Шебері» атағына ие болды. «Черно-белое кино» атты монографиялық кітаптың авторы.
