МҰХТАР МАҒАУИННІҢ туған күні

         Бүгін – Қазақстанның халық жазушысы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, Мемлекет сыйлығының лауреаты, тарихшы МҰХТАР МАҒАУИННІҢ (1940 -2025жж.) туған күні.
Мұхтар Мағауин – алғашқы шығармаларымен-ақ әдеби қауым мен оқырман жұршылықтың назарын өзіне аудара білген қаламгер. Алғаш рет баспасөз бетінде 19 жасында көрінген жас таланттың туындылары араға жылдар емес, айлар сала отырып оқырман жұртшылықтың көзайымына айналады. Жас жазушының «Жаңылысу», «Ақша қар», «Көкмұнар» сияқты көркем шығрмалары – айналдырған үш-төрт жылдың ішінде-ақ жазылып, ізі суымастан жарық көріп үлгерген дүниелер.
Жазушының көркем шығармалары жазылу мәнерімен, айтар ойының тосын да тиянақты болуымен назар аударады. Жазушы қазақи өмір салтын, тарихи дәстүр мен этнографиялық ұстанымдарын мейлінше терең білетінін және оның бұл бағыттағы барлық шығармаларынан дерлік көрініс табатынын атап айту қажет. Ұлттық нақыштардың молдығы әсіресе «Аласапыран», «Шақан Шері», «Сары қазақ» романдары мен «Көкбалақ», «Жармақ», «Жыланды жаз» повестерінде басымырақ көрінеді.
        Жазушының назар аударған шығармаларының бірі – екі кітаптан тұратын «Мен» деп аталатын өмірбаяндық шығармасындағы жазушының шығармашылық жолындағы ізденістері, азаматтық есеюі, мақсат-мүдделері өршіл рухқа баулиды.