Бүгін – әйгілі күйші композитор, дирижер, домбырашы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Халық Қаһарманы» Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Биыл Нұрғиса Атабайұлының туғанына – 100 жыл.
Қазақтың музыка мәдениетінде композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер 500-ден астам музыкалық төл туындының авторы.
Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман»,«Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері, «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым»,«Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасына айналған.
Нұрғиса Тілендиев музыкасын жазған М.Әуезов, Ш.Айманов, Т.Ахтанов, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасы мен экран өнерінің классикасына айналды.
