Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейінде Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мен көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар бөлімінің ұйымдастыруымен “Қолмен ұстап, жүрекпен сезін” атты тифломузей жобасының зағип азаматтарға QR-код арқылы ұйымдастырылған арнайы бұрышы ашылды. Бұрыш ашудағы негізгі мақсат – зағип және көзі көрмейтін жандардың қоғаммен байланысын күшейтіп, зағип оқырмандарды мәдени орталықтарға, жан-жақты мәдени дамыту.Шараға Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева, “Аманат” партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, Жамбыл облыстық қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық филиалының өкілі Айдар Қаңтарбаев қатысты. Алғашқы сөз “Аманат” партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Аманғалиұлы мен Жамбыл облыстық қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық филиалының өкілі Айдар Ерғалиұлына беріліп, олар бұрыштың ашылуымен құттықтап, бұрыштың лентасын қиды. Шараға аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің “Инватакси” қызметінің көмегімен мүмкіндігі шектеулі көз мүгедектігі бар азаматтар мен көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар бөлімінің оқырмандары қатысып алғыстарын білдірді. Мұражай қызметкерлері шараға қатысушыларға батыр Бауыржан Момышұлының жеке заттарын таныстырды.