Бүгін — жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дүкенбай Досжан (1942-2013 жж.) дүниеге келді.
Дүкенбай Досжан шығармалары даралық стилімен, бейнелі тілімен ерекшеленеді. Жазушы кейіпкердің жан толғанысын сезім шырғалаңы, ой ағыны арқылы суреттеуге машық. Оның «Екі дүние есігі» (1998) атты зерттеу еңбегі — Түркістан қаласының тарихын, сондағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің салыну жай-жапсарын мейлінше мол қамтыған дерекнама. Досжанның шығармалары әлемнің 19 тілінде жеке кітап болып шыққан. Екі томдық таңдамалы шығармалары жарық көрді (1990). «Құм кітабы» үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын алған (1996). Түркістан қаласының, Жаңақорған, Созақ, Отырар аудандарының құрметті азаматы. ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1996), М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты (1987). «Құрмет» (2001), «Парасат» (2008) ордендерімен марапатталған. Қаламгер 1974 жылы «Зауал» кітабы үшін «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы үздік роман» сыйлығын, 1988 жылы Украинаның «Днепро» баспасынан шыққан «Жібек жолы» романы үшін «Тарихи тақырыптағы үздік кітап» сыйлығын алған. Жазушының есімі АҚШ-тың «Әдебиет және өнер адамдары» энциклопедиясының 2-ші томына,«Ұлттық энциклопедияның» 3-ші томына,«Абай энциклопедиясына», Қазақстан Президенті жанындағы даму институтының «Элита Казахстана» (2008) анықтамалығына кірген.
