«Ашық аспан астындағы кітапхана» акциясы аясында ауданымыздың білімге құштар жастары және кітап құмар оқушыларымен мазмұнды кездесу өткіздім.
Жас буынмен ашық пікір алмасып, кітаптың адам өміріндегі орны, білімнің құндылығы, ұлттық тәрбиенің негізі және рухани байлықтың бастауы туралы әңгімелестік. Балалардың оқыған кітаптары жайлы ойларын тыңдап, олардың арман-мақсаттары мен ізденістеріне куә болдым. Кітапқа қызығушылық танытып, өз ойын еркін жеткізе алатын осындай саналы жастарымыздың өсіп келе жатқаны көңілге үлкен сенім ұялатады.
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Сондықтан олардың бойына білімге құштарлықпен қатар туған жерге деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық, жауапкершілік пен азаматтық қасиеттерді сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Кездесу барысында табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәселесіне ерекше тоқталдық. Өйткені туған жердің тазалығы – әр тұрғынның мәдениеті мен азаматтық ұстанымының айқын көрінісі. Мен әрдайым «Егер әлемді өзгерткіміз келсе, ең алдымен өзімізден бастауымыз керек» деген қағиданы басшылыққа аламын. Әрбір игі іс – кішкентай қадамнан басталады.
Осы мақсатта кездесудің жалғасы ретінде балалармен бірге республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдіріп, балалар ойын алаңының айналасын тазалау жұмыстарына қатыстық. Бұл жай ғана сенбілік емес, жас ұрпаққа туған жерді қадірлеудің, табиғатты аялаудың және қоғамдық жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсету болды.