«Қош келдің, әз Наурыз»

«Қош келдің, әз Наурыз» мерекелік шарасы жоғары деңгейде өтті
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Қош келдің, әз Наурыз» атты кең ауқымды мерекелік шара тұрғындар мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Ұлттық салт-дәстүріміз дәріптеліп, халқымыздың бай мұрасы мен заманауи жетістіктері үйлесім тапқан тағылымды шара көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік бағдарлама аясында сахна алаңында театрландырылған көріністер қойылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Ән мен жырға, би мен дәстүрге толы өнер кеші көрермендердің зор қошеметіне ие болды.
Киіз үйлер алаңында қазақы нақышта жабдықталған киіз үйлер тігіліп, келген қонақтарға халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен қонақжай дәстүрі кеңінен таныстырылды. Ал «Наурыз – береке бастауы» ұлттық тағамдар алаңында мол дастархан жайылып, ұлттық тағамдар ұсынылды.
«Жеті қазына – ұлт мұрасы» этноауыл көрмесі ерекше мазмұнымен көпшіліктің назарын аударды. Көрмеде «Ер жігіт – елдің қорғаны», «Сұлу әйел – өмірдің шуағы», «Ақыл мен білім – таусылмас қазына», «Жүйрік ат – ер қанаты», «Қыран бүркіт – көктің еркесі», «Құмай тазы – аңшының серігі», «Берік қару – ел тыныштығының кепілі» тақырыптары аясында халқымыздың рухани және мәдени құндылықтары кеңінен насихатталды.
Сонымен қатар, «Бір шаңырақ астында» этномәдени бірлестіктерінің көрмесі ұлттар достығы мен бірлігін айшықтаса, «Ақылды технологиялар әлемі» робототехника көрмесі жастардың жаңашыл идеялары мен заманауи технология жетістіктерін таныстырды.
Жастарға арналған «НаурызFest» ойын-сауық алаңында алтыбақан құрылып, «Селт еткізер», «Сақина салу» секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Ал «Наурыз думан» ұлттық спорт алаңында қол күрес, арқан тарту, тоғызқұмалақ, асық ату, гір тасын көтеру, қап көтеру сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, қатысушылар белсенділік танытты.
Жалпы, мерекелік шара халықтың бірлігін нығайтып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған тағылымы мол думанға айналды. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы екені тағы бір мәрте айқындалды.