«Шерхан туған топырақ – руханияттың алтын бесігі

ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ АБЫЗЫНА ТАҒЗЫМ
«Берекелді ауыл – Ел мерейі» өнер фестивалі аясында Талапты ауылында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармашылық мұрасына арналған «Шерхан туған топырақ – руханияттың алтын бесігі» атты рухани кеш өтті.
Шераға дүниеге келген қасиетті Талапты ауылында ұйымдастырылған тағылымды кеш ұлт руханиятының заңғар тұлғасына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Іс-шара аясында қонақтар «Ауылдың дәмі» көрмесі мен «Ұлт руханиятының абызы» атты кітап көрмесін тамашалап, «Шерхан ізімен» музейіне экскурсия жасады. Сондай-ақ жазушының өмірі мен шығармашылық жолын арқау еткен «Бірегей» деректі фильмі көрермен назарына ұсынылды.
Кеш барысында Шерхан Мұртазаға арналған әндер шырқалып, ақындардың арнау өлеңдері оқылды. Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшелері, ақын Нұржан Қадірәлі мен Нұржан Әліш сөз сөйлеп, қаламгердің ұлт әдебиеті мен руханиятындағы айрықша орны туралы тағылымды ойларын ортаға салды.
Рухани кештің қорытындысында Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмашев Сейітхан Шералханұлы сөз сөйлеп, мәдениет пен руханиятты дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.