“ЖОМАРТ ЖЕРДІҢ – ЫРЫСЫ”
“Берекелді ауыл – Ел мерейі” ауылдық округтерде өтіп жатқан мәдениет және өнер фестивалі аясында Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтерінің бірлесуімен Ақтөбе ауылында «Жомарт жердің – ырысы» атты мәдени шара өтті.
Шара барысында қонақтар қазақы дәстүрмен жайылған ақ дастарханнан дәм ауыз тиіп, ұлттық тағамдардан ұсынылған дәмнен нәр алды. Сонымен қатар, ел несібесін маңдай терімен өндіріп жүрген диқаншылардың еңбек даласындағы дала дастарханынан да ауыз тиіп, нағыз еңбек адамының қарапайым тіршілігіне куә болды. Бұл – жерден өнген өнімнің дастарханға дейінгі жолын көрсететін тағылымды көрініс болды.
Ақтөбе ауылдық кітапханасының «Туған жер — берекенің бастауы» атты керемет кітап көрмесі ұйымдастырылып, халыққа ұсынылды. Көрме алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінен жасақталған мазмұнды көрмелер ұсынылып, жердің берекесін еселеген диқан еңбегі, бақша өнімдері мен дарқан даланың сыйы көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекелік концерттік бағдарламада ауылдың тыныс-тіршілігі, туған жерге деген сүйіспеншілік, ел бірлігі мен еңбек адамының абыройы арқау болған өнер көрсетілді. Әсем ән, мың бұралған би, мазмұнды сахналық қойылымдар арқылы ауыл өмірінің көркем келбеті мен ұлттық өнердің қадір-қасиеті айшықталды.
Шара барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, ел игілігі жолында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар еңбек адамдары сахна төріне шақырылып, еңбектері еленіп, алғыс хаттар табысталды.
