«ЖАРҚЫРАП ӨТКЕН ЖЫР ҒҰМЫР»
Аудандық мәдениет үйінде «Жазушымен бір күн» жобасы аясында дарынды ақын, әнші, сазгер, журналист Бауыржан Үсеновтың туғанына 65 жыл толуына орай «Жарқырап өткен жыр ғұмыр» атты еске алу кеші өтті.
Ақынның жыр кешіне еліміздің түпкір-түпкірінен бір топ үзеңгілес, замандас достары, курстастары, әріптестері мен сыныптастары, отбасы, туған-туыстары қатысты. Кеш барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Шоқан Шөжеевтің құрастыруымен ақиық ақын туралы көпшілік оқырманға арналған «Жарқырап өткен жыр ғұмыр» атты кітаптың тұсауы кесіліп, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Қайсар Асилбековке табысталды.
Сондай-ақ жалындаған жастық шағы мен естен кетпес студенттік күндерін бірге өткізген достары, яғни Бауыржанмен бірге өткен сол жылдарды сағынышпен еске алып, есті естеліктерімен, игі лебіздерімен бөлісті.