«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» республикалық марафоны: «Зерделі қоғамға бастар жол»
Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа кеңінен таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафоны» ұйымдастырылуда.
Жуалы ауданы Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Шыңбұлақ ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен көрнекті ақын Марфуға Айтқожинаның 90 жылдық мерейтойына орай «Жыр аққуы» атты мерекелік кеш өткізілді.
Әдеби кештің мақсаты – ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау, поэзияға деген сүйіспеншілікті арттыру және жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту.
Кеш барысында №24 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің 2–7-сынып оқушылары мен кітапхананың тұрақты оқырмандары ақын Марфуға Айтқожинаның өлеңдерінен үзінділер оқып, жыр әлеміне саяхат жасады. Ал А. Мамытбек әсем әнімен кештің сәнін келтірсе, «Аяла» би тобы қазақтың ұлттық биін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара аясында «Ғұмырын жырға арнаған» атты әдістемелік құрал, «Жүректен маржан іздеген» атты ақпараттық-жарнамалық флайер және «Жырдың жарық жұлдызы – Марфуға Айтқожина» атты библиографиялық көрсеткіш таныстырылды. Сонымен қатар кітапханашы Э. Құралбаева «Айдын жырдағы аққу жүрек» атты кітап көрмесіне шолу жасап, оқырмандарды ақынның сырлы да сезімге толы шығармаларымен танысып, кітап оқуға шақырды.
Кеш соңында кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Ш. Каниева қорытынды сөз сөйлеп, шараға қатысқан оқырмандарға алғысын білдірді. Белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды. #Жуалы ОКЖ